Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Тайынша ауданындағы Аймақ ауылында болып, «Memolux» серіктестігінің жұмысымен танысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі күні кәсіпорын қоспажем зауыты, диірмен кешені мен астық қоймасын тұрғызуда. Жалпы жобаның құны 6,8 млрд. теңгені құрап отыр. Бұл нысандардың ашылуымен жаңа 50 жұмыс орны пайда болмақ. Бұдан кейін өңір басшысы Ильичевка ауылында су тарату желілерінің құрылысын тексерді.
Облыс әкімі майлы дақылдарды өңдеумен айналысатын «Тайынша Май» серіктестігінде де болды. Компания қойма сыйымдылығын 300 мың тоннаға дейін ұлғайтып, 1 миллион тоннаға жуық астық пен өңделген өнімді экспорттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ Ғауез Торсанұлы Келлеровкадағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысымен танысып, аудан орталығындағы қазандықтың жұмысын тексерді.