«Аmanat» партиясының облыстық филиалы кәсіпкер Владимир Витченконың қолдауымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін 100 улы газ датчигін сатып алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен демалыс күндері Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері арнайы құрылғылардың бір бөлігін орнатып үлгерді.
Бұл құрылғылар өрт немесе улы газбен улануға қатысты қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектеседі. Соңғы жылдары өңірде көптеген тұрғын өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау салдарынан зардап шеккен. Тіпті, адам шығыны да тіркелді.
Партиялықтар қолға алған акция аясында арнайы құрылғылар жыл соңына дейін көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың үйлеріне тегін орнатылатын болады.
— Департамент атынан партия өкілдеріне осындай игі іске атсалысқаны үшін алғысымды білдіремін. Біздің бірлескен жұмысымыз өз пайдасын тигізеді деген сенімдемін, — деді Петропавл қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бастығы Назымбек Елемесов.