Полицейлер жоғалған 6 жасар қызды тапты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның орталығы Новоишимское ауылының тұрғыны алты жасар қызына туыстарында қонуға рұқсат берген. Келесі күні оның үйге қай уақытта қайтуға дайындалатынын телефон арқылы сұрап білмек болған жақындары бүлдіршіннің екі сағат бұрын кетіп қалғанын естиді. Алаңдаған ата-ана учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Руслан Қоянбаевқа жүгініпті.
Дереу құрылған 8 мобильдік топ аудан орталығын және баланың болуы мүмкін мекенжайларын тексерген. Туыстары мен көршілері, ауылдағы мектептің мұғалімдері де қалыс қалмады. Жоғалған қызды кезекшінің көмекшісі полиция сержанты Бекасыл Ермахан тауып алды. Бүлдіршін жолда құрбысының үйіне кіріп, екеуі бірге ойнаған.