Петропавлда «Үздік дене шынықтыру мұғалімі – 2023» атты облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Республикалық байқаудың облыстық кезеңінде қалалық және аудандық деңгейде үздік танылған дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері жиналды. Олар 3 кезеңнен тұратын сайыста бақтарын сынады. Алдымен педагогтер қазылар алқасына «Таныстырылым» сынында өздері жайлы айтты. Кейін «Үздік спорттық-бұқаралық іс-шара» сынында биылғы жылы олардың бастамаларымен өткен шараларды таныстырып, маңыздылығын атап өтті. 3-ші турды білікті мамандар «Қазіргі заманғы дене шынықтыру сабағы» тақырыбында ашық сабақ өткізді.
Байқау қорытындысы бойынша Қызылжар ауданындағы «№3 Бескөл орта мектебі» КММ-ның дене шынықтыру мұғалімі Арман Ахметов жеңімпаз атанды. Енді педагог қарашаның 21-і мен 24-і аралығында Ақмола облысының Щучье қаласында өтетін республикалық кезеңде өңір намысын қорғамақ.