Облыстық полиция департаментінің бастығы Ахмет Байтұрсынов атындағы №9 орта мектептің жоғары сынып оқушыларымен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Айдын Қабдұлдинов Ахмет Байтұрсынов атындағы №9 орта мектептің жоғары сынып оқушыларының алдында сөйлеген сөзінде есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл мәселелеріне баса назар аударып, аудиторияны хабардар ету үшін бірқатар нақты сандарды, фактілерді және қылмыстар үшін жауапкершілік шарасын мысалға келтірді. Жоғары сынып оқушыларын облыстық полиция бастығының бұл ақпараты таң қалдырды. Сондай-ақ полиция департаментінің бастығы «102» бағдарламалық жасақтамасы – смартфондарға арналған қосымша туралы айтып берді.
Кездесу соңында Айдын Қабдұлдинов мектеп ғимаратының қауіпсіздік жүйесімен, бейнебақылау камераларымен және “дабыл түймесімен” жеке танысты. Сигнал жіберу процесі, сондай-ақ балалар мен педагогтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кезінде жеке күзет кәсіпорнының жедел әрекет ету тобының, патрульдік полиция батальоны экипаждарының және жедел тергеу тобының бірлескен іс-қимылдары тексерілді.