Облыста соңғы 10 айдың ішінде мас жүргізушілердің кінәсінен 23 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 6 адам қаза тауып, 30-ы түрлі дене жарақатын алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қарашаның 7-12 күндері аралығында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында облыс полицейлері 29 мас жүргізушіні анықтады.
Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы ауылдардың бірінде тәртіп сақшылары «ВАЗ 2106» автокөлігін тізгіндеген «темір тұлпар» иесін тоқтатты. Жүргізушінің мас болғаны соншалықты полиция қызметкерлерінің дауыс зорайтқышын естімеген. Медициналық куәландыру оның алкогольдік масаң күйде болғанын көрсетті. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабына (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) сәйкес ауыл тұрғыны 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы және 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылуы мүмкін.
– Іс-шара барысында облыс жолдарында 2473 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде жылдамдықты асырудың – 146, маневр жасау ережелерін бұзудың – 50, жаяу жүргіншілерге өткелдерде жол бермеудің – 40 дерегі бар. 26 жүргізуші бағдаршамның тыйым салынған түсінен өтіп кеткен. Бұдан бөлек, 280 жүргізуші көлік басқару кезінде қауіпсіздік белдігін пайдаланбаған, 201-і көлік тізгінінде телефонмен сөйлескен. 389 жүргізуші жолдың рұқсат етілмеген жерлерінен және бағдаршамның қызыл түсіне өткені үшін жауапкершілікке тартылды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.