Тыйым салынған заттарды тасымалдау үшін өзі жұмыс істейтін кәсіпорынның автокөлігін пайдаланған. Ер адам 9 және 11 сәуір күндері жоғарыда отырған “кураторларымен” жазыса отырып, α-PvP есірткісі салынған екі үлкен пакетті іздеп тапты.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері оны Петропавлдың шетінде орналасқан Мещан орманында ұстады. Ұсталған ер адамнан жалпы салмағы 22,91 грамм болатын психотроптық заттар салынған 51 түйіншек тәркіленіп алынды. Бұл аса ірі мөлшерге жатады.
— Тергеу барысында ұсталған ер адамның өткен жылдың желтоқсан айында есірткі таратумен айналыса бастағаны белгілі болды. Әдетте есірткі дилерінің жұмысы көпке созылмайды. Қазіргі уақытта қала тұрғыны қылмыстық жауапкершілікке тартылды, соттың үкіміне сәйкес шығарылған 10 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру түріндегі жазасын өтеп жатыр, — деп хабарлады полиция департаменті.