Келер жылы СҚО-да 6 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Жаңа кәсіпорындар «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағында тұрғызылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағы жетекшісінің міндетін атқарушы Дулат Шарапиденовтың айтуынша, облыста сәуір айында ресейлік «Хлебпром» компаниясы тәтті нан тоқаштарды әзірлейтін кәсіпорынды тұрғызуды қолға алмақ. Инвестиция көлемі 37,3 млрд. теңгені құрап, 370 жаңа жұмыс орны ашылады. Ал отандық «Atameken-Agro» холдингі қуаттылығы 1200 тонна өнім шығаратын май экстрациялық зауытты салмақ. Бұл мақсатқа инвестор 19,4 млрд. теңге көлемінде қаржы жұмсауды жоспарлап отыр.
– Арнайы экономикалық аймақта «KazOilseed processing» агрокомпаниясы өсімдік майларын өндіру мақсатында жаңа жобаны жүзеге асырмақ. Зауыттың қуаттылығы тәулігіне 300 тоннаны құрамақ. Зығыр, рапс және күнбағыс өңделіп, жергілікті нарықта саудаланады. Ал мәскеулік «GORTEK» фирмасы темір-бетон құбырларын шығаруды қола алады. Бұл өндіріс ошағының ашылуымен 40 жұмыс орны ашылып, жылына 30 мың тоннаға жуық өнім әзірленеді, — дейді Дулат Шарапиденов.
Отандық және ресейлік компаниялардан бөлек, итальяндық инвесторлар да «Qyzyljar» арнайы экономикалық аймағына қызығушылық танытып жатқанын атап өткен жөн. Келер жылдың 2-ші тоқсанында «Prosol» фирмасы қызылша негізінде жемшөп ащытқысын өндіретін зауытты тұрғызуға ниетті. Бұл мақсатқа 3 млрд. теңге инвестиция тартылады.
– Қазақстандық «Eco par For» компаниясы үй жиынтықтары мен желімделген арқалықтарды өндіру бойынша жобаны іске асыруды жоспарлады. «Eco GLADE» аймақтық инвесторы саңырауқұлақтар мен саңырауқұлақ өнімдерін өндіру және өңдеу жобасын қарастыруда. Омбы инновациялық технологиялар зауытында жылу энергетикалық жабдықтарды өндіру жобасы бар. Челябинск қаласында орналасқан «Drive Systems» компаниясы көтергіш-көлік тетіктері үшін мотор – редукторлар өндіру жобасын іске асыруды жоспарлап отыр. Біз Қытайдан келген екі жоба бойынша серіктестерімізбен белсенді келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Бұл ауыл шаруашылығы машиналарын өндіру және жол-құрылыс және коммуналдық техниканы құрастыру, — деді Дулат Шарапиденов.