Петропавлдың 22 жастағы тұрғыны өзі қолдану үшін есірткінің аса ірі көлемдегі партиясын сатып алған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
ҚР заңнамасына сәйкес, есірткіні аса ірі мөлшерде өткізген жағдайда 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Көп жағдайда қылмыскерлер жауапкершіліктен жалтару үшін есірткіні жеке мақсатта пайдалану үшін сатып алғандарын айтып, құқық қорғау органдарын сендіруге тырысады.
Наурыз айында мефедрон және тұз деп аталатын есірткімен ұсталған 22 жастағы петропавлдық сот отырысында жалпы салмағы 28 грамнан асатын синтетикалық психотроптық заттарды жеке пайдалану үшін сатып алғанын айтып ақталған. Жас жігіттің айтуынша, ол тек мефедронды ғана сатып алған, ал екінші есірткі оған көтерме бағамен сатып алушыдан бонус ретінде жіберілген. Сотты жаңылыстырмақ болған әрекеті жүзеге аспады.
– Тергеу барысында жүргізілген сараптама нәтижесі ер адамның есірткіге тәуелді емес екенін көрсетті. Ұсталған адамның есірткі сатуға қатысы бар екенін нақты көрсететін басқа да мән-жайлар анықталды. Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабы 3-бөлігінің санкциясына сәйкес ол 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр, – дейді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы полиция подполковнигі Руслан Сапаров.