Петропавлда патрульдік полицейлер өрттен екі зейнеткерді аман алып шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
СҚО ПД мәліметінше, қарашаның 19-ы күні сағат 11:05 кезінде Петропавл қалалық ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Жәнібек Әнуарбеков пен Қанат Балтабаев «Жас өркен» шағынауданындағы жеке сектордан шығып жатқан қою түтінді байқап қалған. Инспекторлар түтіннің Ертіс көшесіндегі бір-біріне қосылып салынған көппәтерлі үйден шығып жатқанын анықтады. Олар дереу өрт сөндіру қызметін шақырып, 70 және 71 жастағы ерлі-зайыпты зейнеткерлерді өрттен құтқарып, газ баллонын алып шықты.
Өрт сөндірушілер тез арада тиісті шаралар қабылдап, болжам бойынша өрттің электр желілерін пайдалану қағидаларын бұзудан пайда болғанын анықтады. Полиция мен өрт сөндірушілердің бірлескен сауатты іс-қимылының арқасында ешкім зардап шекпеді. Өрт толық ауыздықталғаннан кейін Жәнібек Әнуарбеков пен Қанат Балтабаев өздеріне бекітілген учаскеде қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге кірісті.