Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасындағы ұлттық лига ойындары өтіп жатыр. Ел біріншілігінде «Қуаныш» клубы бірінші жеңіске қол жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жерлестеріміз «Жетісу» клубымен кездесті. Ойынның бірінші кезеңі талдықорғандық қыздардың пайдасына аяқталды. Кейін солтүстікқазақстандық бұрымдылар бар-білгендерін орта салып, қатарынан үш бөлімде де жеңіске жетті.
– Ел чемпионаты басталмас бұрын командалар қатарына жаңа ойыншылар қосылды. Клубтардың басым бөлігі легионерлермен толықты. Осылайша біріншіліктегі бәсекелестік қыза түспек. Қуанышымызға орай, біз фавориттерді жеңдік. Басты мақсатымыз – чемпион атану, — дейді «Қуаныш» клубының бас бапкері Азамат Есімов.
Келесі ойынды «Қуаныш» клубы бүгін «Тұран» командасына қарсы өткізбек.