Айыртау ауданында «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 7 елді мекеннің кейпі түрленіп, жол құрылыс жұмыстары жүргізіліп, халықты саламатты өмір салтына баулы мақсатында спорттық алаңқайлар орнатылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Естеріңізге салсақ, ел көлемінде «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асып келеді. Бүгіндері облыс аудандарындағы елді мекендерде әлеуметтік маңыздағы нысандарда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Тың бағдарламаның шарапатын қарапайым тұрғындар сезінді. Биыл Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылында бос тұрған ғимарат қалыпқа келтірілді. Нәтижесінде 77,7 млн. теңгеге жаңа музей пайда болды.
– Жоба аясында Саумалкөлде дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылды. Жақын арада маңайы абаттандырылады. Келер жылы Никольское ауылындағы археологиялық орталық жөндеуден өтеді. Сондай-ақ Имантау ауылында демалыс орталығының құрылысы басталады, — дейді Айыртау ауданының әкімі Ерболат Бекшенов.