Волейболдан әйелдер командалары арасында өтіп жатқан ел біріншілігінің бірінші туры өз мәресіне жетті. Турдың соңғы ойынын жерлестеріміз талдықорғандық «Айқаракөз» клубына қарсы өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Талдықорғандық бұрымдылармен кездеспес бұрын «Қуаныш» клубы турнир кестесінде үшінші орында келе жатты. Жерлестеріміз алдында тек «Берел» мен «Алматы» командалары тұрды. Бұл қарсыластарынан озу үшін солтүстікқазақстандық спортшыларға жеңіс ауадай қажет болды. Сондықтан болар, бірінші минуттардан бастап, қызылжарлық қыздар бірден есепте басымдыққа ие болды.
Ойынның бірінші кезеңінде «Қуаныш» клубы 25:14 есебімен жеңіске жетсе, екінші бөлімде 25:21 деген нәтиже тіркелді. Ал соңғы партияда солтүстікқазақстандық спортшылар қарсыластарын айқын басымдық (25:9) тізе бүктірді. Осылайша жерлестеріміз бірінші турда чемпионатта көш бастады.
Волейболдан әйелдер командалары арасындағы екінші тур Петропавлда желтоқсанның 19-ы мен 27-сі күндері өтеді.