Биыл Есіл ауданына жұмыс күші көп өңірлерден 30 отбасы мен 14 қандасымыз қоныс аударды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Есіл ауданы әкімінің ақпаратына сәйкес, биыл оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударушы отбасылар саны артты. Бүгіндері түскейден 153 азаматтан тұратын 30 отбасы және 14 қандас азамат көшті. Дені екі қолға бір күрек тапты. Арасында жеке кәсіп ашуға бел байлағандар да жоқ емес.
– «Еңбек» бағдарламасы қатысушыларын техникалық және кәсіби біліммен, қысқа мерзімді оқумен қамтамасыз ету бойынша 16 млн. теңгеден астам қаржы бөлінді. Осылайша 16 адам біліктілікті арттыру курстарына жазылды. Ал кәсіпкерлік саласы бойынша 19 млн. теңге бөлініп, 14 грант ойнатылды. Жастар арасында бизнесті жүргізу мақсатында 34 млн. теңгеге 7 жеңілдетілген несие берілді, — дейді аудан әкімі Мереке Мұхамедияров.
«Еңбек» бағдарламасының «Халықты жұмыспен қамту және еңбек ресрустарын жұмылдыруға жәрдемдесу арқылы еңбек нарығын дамыту» бағыты негізінде 175,5 млн. теңгеден астам сомаға жұмыссыз жүрген 13 адам қызметке орналастырылды. «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында 21 түлек жұмыспен қамтылды.