Облыстық бюджеттегі 1,9 млрд. теңге қаржы игерілмеуі мүмкін. Бұл туралы өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетовтың қатысуымен өткен алқалы жиында белгілі болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Аппараттық кеңесте Ғауез Нұрмұхамбетов аутсайдерлер қатарындағы аудандар мен басқармаларда жауаптыларды тауып, оларға тиісті жазалау шараларын қабылдау қажеттігін алға тартты.
– Сіздер абаттандыруға, жол жөндеуге және су құбырларына ақша бөлуді сұрайсыздар. Бірақ бюджеттен бөлінген қаражатты тиімді пайдалана алмай отырсыздар. Жыл соңына дейін аз уақыт қалды. Бюджетті игеруге жауаптыларды тауып, жазалау шараларын қолдану керек, –деді Ғауез Нұрмұхамбетов.
Бөлінген қаражатты игере алмағандардың қатарында денсаулық сақтау, құрылыс, білім басқармалары, Уәлиханов ауданы және Шал ақын ауданы, Петропавл қаласы бар. Сондай-ақ белгілі болғандай, Қызылжар, Мамлют, М. Жұмабаев аудандарындағы ауылдарда сумен жабдықтауды жақсартуға арналған қаражаттың игерілмеу қаупі де бар.
–Өкінішке қарай, мемлекеттік қызметкерлер сылбырт қимылдайды. Салдарынан байқаулар кеш өткізіліп, мердігерлермен келісімшарттар уақтылы жасалынбайды, –деді облыс әкімі.