Шал ақын ауданында денсаулық сақтау саласында кадр тапшылығы мәселесі өзегін жоймай келеді. Бүгіндері ауданға 6 дәрігер қажет, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шал ауданының әкімі Рахат Смағұловтың айтуынша, ауданда 177 медицина маманы жұмыс істейді. Оның 31-і – дәрігер. Биылдың өзінде 9-ы келді. Алайда кадр тапшылығы мәселесі әлі де толыққанды шешілмей отыр.
– Ауданға лор, хирург, маммолог, педиатр, психиатр-нарколог пен диагностиканың клиникалық-зертханалық дәрігер қажет. Әрине бізге келген мамандардың жағдайын жасауға атсалысып келеміз. Ең бастысы, дәрігерлерді үймен қамтуға тырысып жатырмыз. Бүгіндері 10 пәтер иесіне берілді. Биыл тағы 5 баспананың кілтін мамандарға беруді жоспарлап отырмыз. Жалпы соңғы жылдары 26 пәтерді ақхалаттыларға тапсырдық, – дейді Рахат Смағұлов.
«Дені сау ұлт» жобасы аясында аудандағы емдеу мекемелерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылуда. Биыл Сергеевка қаласындағы аурухананың автопаркі 4 жаңа көлікпен толықты. Оның екеуі Семиполка және Афанасьевка ауылдарына жөнелтілді.
– Бір жылдың ішінде медицина мекемелеріне тиесілі автопарк 6 техникамен толықты. Келер жылы да қосымша көліктерді сатып алуды жоспарлап отырмыз. Биыл Жаңаталап ауылында медициналық пункт тұрғызылды. Жаңажолда фельдшерлік-амбулаторлық орталықтың құрылысын аяқтаймыз. Кеңесте медициналық пункт саламыз. Бірлік ауылында ауыл шаруашылығы құрылымының қаражатына тағы бір емдеу мекемесі жөнделеді, – дейді Шал ақын ауданының әкімі.
2024 жылы Шал ақын ауданының Семиполка, Ақанбарақ, Мерген ауылдарында фельдшерлік-акушерлік және медциналық пункттер тұрғызылады. Сондай-ақ ауданда 15 дәріхана ашылмақшы.