СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Президенттің қабылдауында болып, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайлы баян етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Президентке облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп берді. Өз сөзінде Ғауез Торсанұлы биылғы шаруалармен 3,7 миллион тонна астық жиналғанын айтып, 13 сүт фермасының құрылысы жүріп жатқанын баян етті. Айта кету керек, заманауи кешендердің алтауы жыл соңына дейін іске қосылады. Сондай-ақ, аграрлық секторда сомасы 80 миллиард теңге болатын 27 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде 1000 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
— Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндадым. Ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте жүзеге асып жатқан жобалар туралы ақпаратпен бөлісіп, әлеуметтік саланың дамуы, инфрақұрылымды жаңарту және жылыту маусымының өтуі туралы айттым, — деп жазды әлеуметтік желідегі жеке парақшасында СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Президент СҚО әкіміне облысты одан әрі дамыту және халықтың өзекті мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырмалар берді.