Облыстық қоғамдық кеңестің отырысында өңірдің 2024-2026 жылдарға арналған бюджеті қаралды. Белгілі болғандай, ең көп қаражат бөлінген сала – білім саласы. Бұл ведомствоға қазынадан 148 млрд. теңге қарастырылып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышканттың айтуынша, денсаулық сақтау жүйесіне 9 млрд. теңге. Мәдениет 5 млрд. теңге бөлінеді.
– 2024 жылға арналған «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 659 млн. теңгеге 5 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Спорт саласына 1 млрд теңге бағыттау жоспарланып отыр, – деді облыстық қаржы басқармасының басшысы Наталья Дышкант.
Басқарма басшысы облыстың үш жылдық бюджетін жіпке тізгендей қылып баяндағанымен, қоғамдық кеңес мүшелері күмәндерін сейілту үшін сұрақтарын тартынбай қойды. Әсіресе қаржыны тиімді бөлу жайлы сөз қозғалды. Мәселен, қоғамдық кеңестің белсенді мүшесі Павел Афанасьев Оқушылар сарайының ғимараты толыққанды пайдаланылмай тұрғаны айтты. «Оқушылар сарайында көп кабинеттер пайдаланылмайды, бос тұр. Сонымен қатар оқушылардың қызығушылығы қаншалықты ескеріледі?» деген сауалын жолдады. Облыстық білім басқармасының басшысы Нәзір Жәшібековтің айтуынша, 2500 орындық сарайда үш мыңнан астам бала білімін жетілдіріп жүр.
– Оқушылар сарайы жобалық қуатынан тыс жүктемемен жұмыс істеп жатса да, кабинеттерді әлі де тиімді пайдалануға болатынын байқадық. Сондықтан осы мәселені жан-жақты талдап, бала санын көбейтуді жоспарлап отырмыз. Оқушылар сарайы 8 бағыт бойынша жұмыс істейді, – деді Нәзір Жәшібеков.