Жыл басынан бері облыста 383 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Оның 26-нда көлікті мас жүргізушілер тізгіндеген, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, мас жүргізушілердің қатысуымен облыста 6 адам қаза тауып, 18-і түрлі жарақаттарын алған.
– Мас жүргізушілерді әкімшілік қамауға алу және 7 жылға көлік басқару құқығынан айыру сияқты қатаң жауапкершілікті есте сақтауды сұраймыз. Мас жүргізушілерді анықтау жұмыстары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатын болады, — дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов
Облыста 6 күн бойы «Мас жүргізуші» жедел алдын алу іс-шарасы өткізгенін атап өткен жөн. Осы уақыт аралығында полиция қызметкерлері облыс жолдарында мас болған 10 көлік жүргізушісін тоқтатып, барлығы 1275 жол қозғалысы ережелерін бұзушылығын анықтаған. Көбінесе жүргізушілер қауіпсіздік белдігін пайдалану талабын елемейді екен. Мұндай фактілердің 140 дерегі анықталды. Сондай-ақ 105 теміртұлпар иесі көлік басқарып келе жатып ұялы телефонды пайдалаған, 53-і рұқсат етілген жылдамдықты арттырды, ал 17-сі жаяу жүргіншілерге басымдық бермеген.