Облыс полицейлері құқықбұзушылықтардың алдын алуға және қылмыстардың жолын кесу мақсатында заманауи технологияларды пайдаланып келеді. Бүгіндері Петропавлда «SOS батырмалары» жұмыс істесе, «102» мобильді қосымшасы арқылы тұрғындар өз өтініштерін қашықтан қалдыруға мүмкіндіктері бар. Бұл туралы қоғамдық кеңестің кезекті отырысында СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстың бас полицейі Айдын Қабдұлдиновтың айтуынша, қалада 11 «SOS батырмасы» жедел әрекет ету жүйесі бар. Бұл қондырғылар кісілер көп шоғырланатын қоғамдық орындарда орнатылған.
– «SOS батырмасы» бейнебақылау камераларымен, микрондармен және динамиктермен жарақтандырылған. Батырманы басу арқылы тұрғындар полицейлердің көмегіне жүгіне алады. Жыл басынан бері қалалықтардан 18 өтініш түссе, 1 хабарламаның арқасында қылмыстық іс қозғалып, 9 өтініш бойынша әкімшілік материалдар жинақталды. Сондай-ақ, «102» мобильді қосымшасы да өз көмегін тигізіп келеді. 200-ден астам адам бұл жүйе арқылы хабарласқан. 149 өтініш хат негізінде әкімшілік хаттамалар толтырылды, — дейді Айдын Қабдұлдинов.
Бүгіндері Петропавлда полицейлердің бақылауында 9 мыңға жуық бейнебақылау камерасы бар. Барлығы жедел әрекет ету басқармасы арқылы басқарылады.
– Биыл бейнебақылау камераларының көмегімен 564 қылмыс пен 18 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Алдағы уақытта бұл қондырғылардың санын арттыруды жоспарлап отырмыз, — дейді облыстың бас полицейі.