Облыста есірткі саудасы қылмысына қарсы күрес жүйелі түрде жүргізілгенімен, биыл бұл салада құқық бұзушылықтар саны өткен жылмен салыстырғанда 17, 6 пайызға өскен, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жыл басынан бері өңірде есірткіге қатысты 254 құқық бұзушылық анықталды. Оның 105 фактісі – заңсыз синтетикалық нашаны өткізуге қатысты.
– Соңғы жылдары есірткінің синтетикалық түрін өткізу фактілері жиіледі. Сондай-ақ оларды интернетте жарнамалау деректері тіркелуде. Биыл жалпы есірткінің 700 килограмы заңсыз айналымнан шығарылды. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасын табады. Бүгіндері нашаны жарнамалап, саудалайтын сайттардың 203 сілтемесін бұғаттау үшін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне хат жолданды, — дейді СҚО ПД бастығы Айдын Қабдұлдинов.