Алматы қаласында «New Year’s Stars – 2023» республикалық бал-фестивалі өтті. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен ақылына көркі сай қыз балалар қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Республикалық байқауда өңір намысын Қызылжар ауданына қарасты Полудино орта мектебінің оқушысы Томирис Лопарева қорғады. Жерлесіміз үшін сәндік және өнер бәйгелері таңсық емес. Бұған дейін солтүстікқазақстандық қыз бала «Super Star Beauty Qazaqstan – 2023» сайысында өнер көрсеткен болатын.
Биылғы сын үш кезеңнен тұрды. Біріншісінде қатысушылар қазылар алқасы назарына карнавалдық костюмдерін ұсынып, екіншісінде шығармашылық нөмір дайындады. Томирис Лопарева «Жапон көбелегі» биін биледі. Үшіншісінде кешкі бал көйлектерін киіп, сахнаға шықты. Нәтижесінде жерлесіміз «Super grand prix» дипломына ие болып, байқаудың бас тәжін еншіледі.
– Байқау жоғары деңгейде өтті. Бірінші кезеңде «Самұрық құсы» костюмін қазылар алқасына ұсындым. Барлықтарына ұнады деп ойлаймын. Мен Қазақстанның ең әдемі және дарынды қыздарымен кездескеніме өте қуаныштымын. Би билеуге шыққан кезде қатты қобалжыдым, бірақ білдіртпеуге тырыстым, — дейді Томирис.