Облысқа жұмыс сапарымен Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанова келді. Елордалық мейман жергілікті кәсіпкерлермен кездесіп, олардың бизнес саласындағы мәселелерін тыңдады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кездесуде өңір кәсіпкерлері вице-министрге отандық өнімдер сырттан келетін арзан тауарға бәсекелес бола алмай жатқанын алға тартты. Салдарынан ет, сүт өнімдерімен айналысатындар шығынға батуда.
– Ресейден шошқа етін әкелуге тыйым салынған белгілі. Бірақ көрші мемлекеттен жеткізілетін шұжық өнімдерін жеткізу үрдісі үзілген жоқ. Бізге өзімізден шикізат алу қиын болып тұр. Баға қымбат. Тұтынушылар импорт тауарға қызығады. Себебі олардың бағасы арзанырақ. Оларға бәсекелес бола алмаймыз, – дейді «Казмясопродукт» ЖШС өкілі Нұргүл Әбдірханова.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанованың сөзінше, шетелдік тауар сапасыз болса, оларды сөрелерден алып тастау қажеттігін айтты.
– Егер өнімдері сапасыз болса, шара қолдану қажет. Сондықтан ең біріншіден тауардың бағасына емес, оның сапасына көңіл аудару маңызды, — деді Айжан Бижанова.