Туризм және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен елордадағы Президенттік орталықта 2023 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік» атты марапаттау іс-шарасы өтіп, ел абыройын асқақтатқан спортшылар, спортқа елеулі үлес қосқан сала мамандары 18 аталым бойынша марапатталды6 деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ел спорты үшін биыл сәтті жыл болғанына және жерлестеріміздің жарқын жеңістерге қол жеткізгеніне ерекше тоқталып, үздік ретінде танылғандарды құттықтады.
— Ұлттық құрама спортшылары жыл басынан бері 1 400 халықаралық жарысқа қатысып, 864 медаль жеңіп алды. Оның ішінде 291 алтын, 262 күміс, 311 қола. Әлем чемпионаттарында 68 алтын медаль, Азия жарыстарында 47 алтын жүлде, Азия ойындарында 10 алтын олжалады. Мемлекет басшысы ел тәуелсіздігі тарихында алғаш рет Азия ойындарының жүлдегерлерін қабылдап, марапаттағанын ерекше атап өткім келеді, — деді Ермек Маржықпаев.
Марапатталғандардың қатарында солтүстікқазақстандықтар да бар. Жылдың үздік спортшысы аталымында бірнеше жеңімпаздың есімі белгілі болды. Олардың арасында пара шаңғыдан әлем чемпионы, «Үміт» клубының мүшесі — Ербол Хамитов.
Салтанатты шарада «Жылдың үздік спорт ұйымы» аталымында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған «Үміт» спорт клубы марапатталды. Уәлиханов ауданының тумасы, жерлесіміз Ризабек Айтмұхан «Спорттағы үздік серпін» номинациясында жеңімпаз атанды. Барлықтарына 1 млн. теңгелік сертификаттар табысталды.