Петропавлдың 600-ден астам тұрғыны банкрот танылуға асық, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Естеріңізге салсақ, биыл наурыздың 3-нен бастап елімізде «ҚР азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Заң күшіне енді.
Петропавл қаласының мемлекеттік кірістер басқармасының хабарлауынша, ведомствоға банкрот деп танылуға 609 адамнан өтініш түсті. Оның 481-іне мемлекеттік орган рұқсат бермеді.
– 87,6 млн. теңгеден астам қарызы бар 78 азамат банкрот деп танылды. Алдағы 6 айдың ішінде 46 өтініш қаралып, нақты шешім қабылданатын болады, – дейді СҚО мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары.
Салық қызметкерлерінің деректеріне сәйкес, төлемге қабілетсіз қарыз алушының ең үлкен берешегі – 5 млн. 349 мың 150 теңгені қарап отыр. Банк алдындағы қарыздың ең үлкен сомасы – 5 млн. 233 мың 452 теңге болып отыр. Ең аз сома – 26 мың теңге. Банкрот деп танылуға өтініш берген егде адамның жасы – 69, ең жас – 30-да. Ал банкрот деп танылғандардың орта жасы 45 екен.