ҚР Парламенті Сенатының депутаттары облыс орталығындағы «Қызылжар» арнайы экономикалық аймағында іске қосылып, алғашқы өнімін жергілікті нарыққа шығарып үлгерген «Зеленый Север» инновациялық жылыжайында болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Серіктестік директоры Екатерина Асаенок заманауи нысанның технологиялық жабдықталуы жайынан толыққанды ақпарат берді. Қазір мұнда күніне 6 тоннаға дейін қияр жиналады. Толық қуатына енгенде бұл көрсеткіш 2,5 есеге дейін молаяды. Барлықүдеріс компьютер арқылы қадағаланады. Алдағы уақытта қиярдан бөлек, қызанақ, салаттық басқа да көкөніс түрлері өсірілмек. Жылыжай кешеніне 7,2 млрд. теңге мөлшерінде инвестициялық қолдау көрсетіледі.
Жылыжайдың мақсаты – үзіліссіз, циклді өндіріс жүйесін қалыптастыра отырып, облыс тұрғындарын көкөніспен жеткілікті түрде қамтамасыз ету, еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелту. Бұл қадам отандық өнім үлесін арттырып, импорт көлемін барынша азайтуға мүмкіндік бермек.
– Бағдарламаның артықшылықтары көп екеніне көзіміз жетті. Ең бастысы, өнімдерді ұзақ сақтаудың жолдары жете қарастырылған. Тауардың өтімділігі, тұтыну сапасы бұзылмайды деген сөз. Жылыжай үшін теріскейдің таңдап алынуы бекер емес. Ресейдің үш облысымен шектесетіндіктен, экспорттық әлеует те арта түсетін болады, – дейді сенатор Әсем Рахметова.