Облыста өткен жылдың желтоқсан айында инфляция көлемі 10,5 пайызды құрады. Бұл туралы СҚО бойынша стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросының департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Ведомствоның мәліметінше, 2023 жылғы желтоқсандағы азық-түлік тауарларының бағасы 2022 жылғы желтоқсанмен салыстырғанда 9,8% – ға, азық-түлік емес тауарлар – 9% — ға, ақылы қызметтер – 13,8%-ға өсті.
Бір жылдың ішінде жұмыртқа бағасы – 14,8% – ға, жаңа піскен балық – 14,1% – ге, жемістер – 10%-ға, кондитерлік өнімдер-9,3%-ға, ет – 8%-ға артты. Бірақ дәнді дақылдардың бағасы, керісінше 6,9%-ға төмендеді. Тек күріш 37 %-ға қымбаттады.
Алкогольдік сусындар бағасының өсуі 18,7%, алкогольсіз сусындар – 16,4%-ға өсуі байқалды.
Көкөністердің бағасы 2,1% – ға, оның ішінде сәбіз – 21,7 %, қызылша – 19,1 %, қырыққабат – 16,9% — ға өсті, ал пияз-12%-ға, картоп-1,5%-ға төмендеді. Қант 14%-ға арзандады.
2023 жылғы желтоқсанда жеке пайдалануға арналған заттарға, аспаптарға және тауарларға бағаның өсуі 21,2%, жиһаз бен тұрмыстық заттарға – 20,3%, киім мен аяқ киімге – 11,6%, фармацевтикалық өнімге – 9,4% өсу байқалды.
Тұрғын үйді жалдау ақысы 15,8% — ға, амбулаториялық – емханалық қызметтер 14,7% – ға, шаштараздар мен жеке қызмет көрсету мекемелерінің қызметтері 14,9% — ға, сақтандыру 3,1% — ға өсті.