Облыста көзі тірі 4 соғыс ардагері бар. Олардың бірі – Федор Васильевич Щеглов. Бүгін майдангер 97 жасқа толды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ардагердің шаңырағына барып, туған күн иесін құттықтап, зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тіледі.
– Аға ұрпақ сұрапыл соғыстың ең ауыр сынақтарын, соғыстан кейінгі кезеңнің қиындықтарын бастан өткерді. Батырларымыздың еңбек және өмір жолы, Отанға деген сүйіспеншілігі бәрімізге әрқашан үлгі болады. Бүгінгі ұрпақ ардагерлеріміздің ерліктерін мақтан тұтады және бас иеді, — деп жазды әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өңір басшысы.
Федор Васильевич әскери жолын 17 жасында бастады. 371-ші атқыштар дивизиясының қатарында соғысты өткерді. ІІ дәрежелі Отан соғысы орденінің иегері, «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған. Соғыстан кейін құрылыс саласында еңбек етті.