Облыстағы адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың уәкілдігіне 340 өтініш түсті. Оның 202-сі жазбаша хат түрінде жолданды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша өкілі Жанат Жұмабаев 2023 жылы атқарылған жұмысты қорытындылады. Оның сөзінше, ұлттық орталықтың көмегіне жүгінгендер құжаттама жүргізу ісі бойынша сұрақтары тиісті құзырлы органдар мен Өзбекстан мен Ресей елдерінің елшіліктеріне жіберілді.
– Өткен жылы онлайн және оффлайн форматта 138 жеке қабылдау өткіздік. Түзеу мекемелерінде 83 сотталғанның өтініштерін қарадық. Жалпы кездесулердің басым бөлігі теміртордың арғы жағында отырғандарды күтіп-ұстау, заңды күшіне енген сот шешімдерін қайта қарау жөнінде сұрақтар жолданды, — дейді СҚО бойынша адам құқықтары жөніндегі уәкілдігінің өкілі Жанат Жұмабаев.
Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдікке жалпы ел тұрғындарынан 5773 өтініш пен арыз жолданды. Оның 5623-і қаралып, 3629-не қатысты түсініктеме берілді. Ал 800-і құзырлы органдарға жолданса, 838-і сұраныс бойынша қанағаттандырылды.