Уәлиханов ауданының әкімі Қайрат Пішенбаев 63 жасқа толып, зейнет демалысына шықты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қайрат Сәкенұлы Пішенбаев саналы ғұмырын өңіріміздің дамуына арнаған. Еңбек жолын ол 1986 жылы кеңшар кезінде экономист болып бастаған. Кейін 1995 жылға дейін квазимемлекеттік секторда жұмыс істеді. Одан кейін он жыл бойы «Азық-түлік корпорациясы» жабық акционерлік қоғамында қызмет етті. Әр жылдары Ақжар, Қызылжар және Мағжан Жұмбаев аудандарының әкімі болды. Сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2015-2020 жылдары аралығында облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының жетекшісі болды. Ал 2020 жылдың шілдесінен Уәлиханов ауданының әкімі болып еңбек етті.
Қайрат Пішенбаев 9-шы қаңтарда 63 жасқа толды. Оны туған күнімен Кішкенекөлде аудан активімен болған жиында СҚО әкімінің орынбасары Рүстем Құрманов құттықтады. Ол Қайрат Сәкенұлына облыс әкімінің атынан құрмет грамотасын табыс етіп, мемлекеттік қызметте ұзақ жылғы еңбегі үшін алғысын білдірді.