СҚО полиция департаментінде жас полицейлерге қызметке үйренуге, кәсіби маман болып қалыптасуға көмектесетін тәлімгерлер кеңесі құрылды. Аталмыш орган Ішкі істер министрінің Қазақстанда ішкі істер органдарында тәлімгерлер кеңесінің ережелерін бекіту туралы бұйрығына сәйкес ашылып отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz
Департаментте өткен шарада отыз жыл немесе одан көп уақытын ішкі істер органдарындағы қызметке арнаған отставкадағы офицерлер тәлімгерлер кеңесінің құрамына таңдалды. Кеңеске Ішкі істер министрлігінің құрметті ардагері Хайдар Кәшенов төрағалық етпек. Оның орынбасары болып Қапез Дәулетбаев сайланды. Ардагерлердің екеуі де облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары лауазымынан зейнетке шыққан. Сондай-ақ кеңес құрамына Мерген Жұмағұлов, Елена Мезёва, Нұрғали Оразалинов, Фарит Бегишев және Мәдина Балғашоқова сияқты тәжірибелі, беделді ардагерлер сайланды.
Кездесуге төрағалық еткен полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Айдын Қабдұлдинов ардагерлерді жаңа органның жұмысының басталуымен құттықтап, жақын арада аумақтық полиция бөліністеріне барудың кестесін құруды тапсырды.
-Жылдар бойы сақталып келе жатқан игі дәстүрлеріміз бен аға буынның баға жетпес тәжірибесі полиция органдарының кадрлық әлеуетін нығайтуда маңызы зор.. Жеке құрамның арасында заңдылық пен тәртіпті нығайтуда біздің құрметті ардагерлер басшыларға көмек көрсетіп тұрады, жас қызметкерлермен тәжірибелерімен бөліседі, — деді Айдын Қабдұлдинов.
Полиция ардагерлері бұл жаңашылдықты ерекше ықыласпен қабыл алып, оң бағаларын берді, әрі барынша қолдау көрсетуге дайын екендіктерін айтты.