СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов қоғамдық қабылдау өткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысының қабылдауына келген Ғ. Мүсірепов атындағы ауданның тұрғыны Ағыбай Байтоқов болашағы жарқын ауылдардың біріне көшудің амалын таппай, тығырыққа тірелгенін жеткізді. Оның айтуынша, Ұзынкөл ауылында тұрғындар саны өте аз. Су да, жол да, жұмыс та жоқ. Бұл мәселе бойынша Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің міндетін атқарушы Ерлан Әділбеков түсініктеме берді.
Шағым иесі Червонное ауылындағы қожалықта жиырма жылға жуық механизатор болып еңбек еткен екен. Бұдан кейін аудан орталығындағы элеваторға жұмысқа орналасып, көп ұзамай аталмыш шаруа қожалығына қайтып оралған. Екі күннен соң ұжымнан кету жөнінде өтініш жазған. Механизаторлықтан бөлек, күзетші, малшы қызметтері ұсынылғанымен, бас тартқан. Зайыбына да тауарлы-сүт фермасынан жұмыс табылған. Сөйтсе, отбасы аудан орталығында тұрғысы келетін көрінеді.
— Аудан басшылығы сізге Новоишимнен баспана ұсына алмайды. Ондағы үйлер өзге өңірлерден көшіп келетін отбасыларға арнап салынуда. Сіздің облыс ішінде қоныс аударушы ретінде жалдамалы пәтер алуға құқығыңыз бар. Қазір Червонноеде бос баспаналар бар. Бұл мәселені шешуді аудан басшылығына тапсырамын, – деді Ғауез Торсанұлы.
Петропавлдық Шолпан Бейісова бірнеше мәселемен жүгінді. Оның бірі–облыс орталығын абаттандыруға және қоғамдық көліктерге қатысты. Оның айтуына қарағанда, № 25 маршрут бағытында жүретін автобустар әбден ескірген. Сонымен қатар қардан да, желден де сенімді түрде қорғайтын аялдамалардың болғанын қалайды.
— Бұл проблема маған жақсы таныс. Аялдамалардың бірінде орындық, екіншісінде қоқыс жәшігі жоқ екені рас. Оларды қалыпқа келтіруге бизнес өкілдерін тартып, жабық үлгідегі аялдамалар қоятын боламыз, – деді облыс әкімі.
Сондай-ақ Шолпан Бейісованың бас шахардағы сауда орындары көрсететін қызметтің, азық-түлік тағамдарының сапасына көңілі толмайтынына қатысты өз ойын айтты.
Өңір басшысының қабылдауында болған өзге де азаматтардың өтініш-тілектері мен ұсыныстары бойынша нақты жауаптар берілді. Қала әкімі мен тиісті басқарма басшыларына мәселелерді бақылауға алып, қысқа мерзімде шешу жүктелді.