Шетелден спортшы шақырту – әлемдік спортта қалыпты құбылыс. Қазақстанда да бұл тәжірибе кеңінен қолданылып келеді. Бұрындары тек командалық спорт түрлеріне тән болса, соңғы кездері жеңіл және ауыр атлетика, күрес, бокс, теннисте де келімсектер қаптап жүр. Бірақ әр елде өз шектеулері бар. Қазақстанда да солай. Неліктен солтүстікқазақстандық командаларда легионерлер саны көп? Бұл қалыптасқан әдетте арыламыз ба? — осы сұрақтардың жауабын Qyzyljarnews.kz тілшісі іздеп көрді.
Соңғы жылдары өңірімізде командалық спорт түрлері дамып келеді. Оған жергілікті бюджеттен қомақты қаражаттың құйылуы да әсер еткені анық. Қаржы молайған соң футбол, волейбол, хоккей ұжымдарына жаңа ойыншылар қосылды, тіпті өзге елдерден кәсіби спортшылар тартылуда. Әрине, мұны спорт менеджерлері облыс имиджін көтеру мақсатында жасалып жатқан игі істерге балайды. Дей тұрғанмен легионерлерге басымдық беру арқылы өзіміздің спорт мектептерінің тәрбиеленушілерінің болашағына балта шауып жатқандарын аңғармайтын сыңайлы. Шетелдік легионерлер ақша барда ғана клубтарына адал. Ал қаржылық қиындық туындай қалсыншы, бірден табандарын жалтыратады.
– Бала күнімнен жергілікті балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде жаттықтым. Кезінде «Есіл-Богатырь» командасының қосалқы құрамында ойнадым. Кейін легионерлер келіп, тасада қалдым. Менің алдымда екі таңдау тұрды. Бірі – жоғары оқу орнын аяқтап, мамандық бойынша жұмысқа орналасу. Екіншісі – балалық арманымды орындап, футболшы атану. Екінші жол жабық еді, амалсыздан қаржы саласына бет бұрып, қазір банкте қызмет етіп жүрмін, – дейді Петропавл тұрғыны Азат Арынов.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Осы бір оқиғадан-ақ легионерлерге басымдық берілуі отандық спортты тежейтінін көруге болады. Соған қарамастан жақында Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов ел біріншілігінде легионерлерге қойылатын шектеуді алып тастау туралы шешім қабылданғанын айтты. Оның сөзінше, кейінгі бес жылда шетелдік ойыншыларды шақыруға байланысты түрлі эксперименттер жүргізілген екен.
– Біз соңғы екі жыл сараптама жүргізіп, келесі ережені қабылдауға бел будық: егер бұрын алаңға шыққан кезде легионер саны міндетті түрде жетеу болса, енді олардың санын шектеуді алып тастадық. Бірақ өтініш берген кезде жиырма бес футболшының он үші Қазақстан футболының өкілі болады. Бұл, ең алдымен бәсекелестікті жоғарылатады. Демек, футбол дамиды, – дейді Әділет Барменқұлов.
Бұл ережеге Қазақстан чемпионатында өнер көрсететін барлық клуб, соның ішінде жергілікті «Қызылжар» да бағынады. Өткен футбол маусымында солтүстікқазақстандық команда сапында ел біріншілігіне 25 ойыншы өнер көрсетсе, соның бесеуі ғана легионер болған. Бұл жерде Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің футболшылары бұл тізімге жатпайтынын айта кеткен жөн.
– Былтырғы маусымда 25 ойыншы ел біріншілігінде өнер көрсетті. Араларында Бразилия мен Сербияның өкілдері де болды. Ресей, Беларусь, Грузия мемлекеттерінің спортшылары да ойнады. Алтауы – облысымыздағы футбол мектебінің түлектері. Олардың қатарында Тимур Мульдинов, Вадим Петров, Максим Скорых, Жеңіс Мирас, Жантөре Молдабаев, Алмас Измайлов, Артем Черединов секілді ойыншылар бар, – дейді «Қызылжар» футбол клубының баспасөз хатшысы Марлен Аманов.
«Қуаныш» волейбол клубының сапында да легионерлер бар. Бірақ футболдағыдай емес, негізгі сенім отандық спортшыларға артылған. Биылғы маусымда ел чемпионатында облыс намысын 18 бұрымды қорғап жүрсе, солардың үшеуі ғана – шетелдің ойыншылары.
– Легионерлер қатарында Словения елінің өкілі, байланыстырушы Ева Мори Павлович, украиналық шабуылшы Юлия Дымар және ресейлік ойыншы Анастасия Бавыкина бар. Олар – тәжірибелі ойыншылар, білгендерін жас волейболшыларымызға үйретуде. Келер маусымда бұдан да мықты құрам жасақталатынына сенімдімін, – дейді «Қуаныш» волейбол клубы директорының орынбасары Степан Притула.
Легионерлердің жалақысы отандық спортшылардан әлдеқайда жоғары екенін жұрттың бәрі біледі. Дегенмен өңірлік командалар олардың табыстарын жария етуге құштар емес. Тіпті «Қызылжар» футбол клубы келісімшартта ойыншыларға еңбекақысын өзге біреуге айтуға тыйым салатын пункт енгізген.
«Құлагер» хоккей командасы жоғары лигада өнер көрсетеді, соңғы екі жыл турнир кестесінде соңғы сатылардан көтеріле алар емес. Турнир кестесіне қарап, құрамында негізінен жас әрі тәжірибесі аз хоккейшілер ойнап жүр екен деп ойласаңыз қатты қателесесіз. «Құлагер» клубының баспасөз хатшысы Карина Есеналинаның айтуынша, командада 35 спортшы бар. Соның 19-ы ғана қазақстандық, қалған 16-сы –Ресей мен Беларусь елдерінің өкілдері.
– Клуб негізгі басымдықты солтүстікқазақстандық хоккейшілерге береді. Өткен жылы жастар лигасында өнер көрсеткен спортшыларымыз биыл ересектер командасына ауысты. Жылды сәтсіз бастағанымен, тәжірибе жинақтаған жерлестеріміз келер маусымда жақсы нәтиже көрсететініне сенімдіміз. Бапкеріміз ұжымды жаңартуға емес, оны бір организм ретінде қалыптастыру бағытында жұмыс істеп келеді. Легионерлердің арқасында жастарымыздың шеберлігі өседі. Сондықтан оларсыз ойнау мүмкін емес, – дейді Карина Есеналина. Хоккей клуб құрылғанда сапында бірде-бір солтүстікқазақстандық болмағанын ескерсек, жағдай сәл де болса түзеліп келе жатқандай.
Ал баскетболдан жоғары лига командалары арасында ел біріншілігінде өңір намысын қорғап жүрген «Барс» клубы легионерлер тартуға аса құштар емес. Команда 18 ойыншыдан құралса, сапында бір ғана ресейлік баскетболшы бар. Соңғы жылдары чемпионатта жүлде иемденіп жүр. Былтыр күміске қол созды. Демек келімсектердің көмегінсіз-ақ биік шыңдарды бағындыруға болатынын көріп отырмыз. Өкініштісі, жанкүйерлер жергілікті баскетболшылардың ойындарын тамашалай алмауда. Оның бірден-бір себебі, өңірде кәсіпқой баскетболға арналған залдың жоқтығы. Бұл мәселені клуб басшылығы бірнеше мәрте көтергенімен, әлі күнге дейін шешілмей отыр. Яғни, жерлестеріміз барлық кездесулерін сыртта өткізуге мәжбүр.
Бұдан шығатын қорытынды, командаларға легионерлер керек, бірақ негізгі басымдық жергілікті спортшыларға берілуі тиіс. Себебі ақша үшін келген келімсек кез келген сәтте еліне қайтуы мүмкін, ал жергілікті спорт мектептерінің тәрбиеленушілері алатын айлығынан бөлек туған жердің намысын қорғайтындықтан қусаң да кетпейді.