М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Серпін – 2050» бағдарламасы бойынша 2014-2022 жылдар аралығында 1500-ден астам студент білім алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
2014 жылы іске қосылған «Серпін – 2050» бағдарламасы аясында теріскейге білім қуып, Түркістан, Алматы, Маңғыстау және Қызылорда облыстарынан жастар келді. Студенттер орта арнаулы колледждерде және Петропавлдағы жалғыз жоғары орнында оқыды.
М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті басқарма төрағасы-ректорының кеңесшісі Жанар Таласпаеваның сөзінше, бүгіндері жоғары оқу орнында 143 студент білім алуда.
– Қазіргі уақытта «Серпін» бағдарламасы атауын өзгертті. 4-ші курста 72 және 3-ші курста 71 студент білім алып жатыр. Жастар тегін жатақхана орындарымен қамтылған, — дейді Жанар Таласпаева.