Өткен демалыс күндері өз-өзіне қол жұмсаған білім саласының қызметкері жайлы ақпарат желдей тарады. Азаматтың мұндай әрекетке не үшін барғаны жайлы құзырлы орган өкілдері жақ ашпай отыр, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі time.kz сайтына сілтеме жасап.
Белгілі болғандай, өз-өзіне қол жұмсаған Хаким Амрин Тимиразево ауылының тұрғыны, ол аудан орталығындағы балабақшалардың бірінде қызмет еткен. 53 жастағы азамат мектепке дейінгі білім беру мекемесінің шаруашылық жөнінде меңгерушісі болып жұмыс істеген.
– Біз қаладан аудан орталығына келе жатқан едік. Көлігімізді қуып жетіп, тоқтатты. Хаким рөлде отырды, мен ұйықтап жаттым. Тоқтатқандар өздерін сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің қызметкерлері деп таныстырды. Кеңседе күндізгі төрттен түнгі сағат бірге дейін ұстады. Ештеңе түсіндірген жоқ.
Мен отбасыма қоңырау шалуым керек деп едім. Олар бізге рұқсат бермеді. Қазір тергеуші келеді, ол бәрін біледі деді. Бірақ жауап алынбады, түнгі сағат бірде мені үйге жіберді. Хаким келесі күні үйіне оралып, өз-өзіне қол жұмсады, — дейді марқұмның ағасы Мейрам Амрин.
Оқиғаға қатысты облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ешқандай түсініктеме берген жоқ.
Расталмаған ақпарат бойынша Амрин аудандық білім бөлімінің бастығы Армат Күзеубаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аясында жауап алынғаны белгілі.