Кеше С.Мұқанов көшесіндегі жылу құбырында тағы бір апат орын алды. Салдарынан «Семейный» сауда-ойын-сауық орталығы мен бес көпқабатты тұрғын үй жылудан ажыратылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, жылу Мұқанов, 51, 51А, 51Г және М.Жұмабаев, 91 мекенжайлары мен сауда орталығына берілмеген. Оқиға орнына дереу апаттық бригада жетіп, олқылықты жоюға кірісті.
– С.Мұқанов көшесі учаскесіндегі жылу желісінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Салдарынан «Жас өркен» шағынауданындағы кейбір нысандарға жылу беру қысымы азайтылды. Сағат түнгі 01:00-де бұл аудандағы температуралық режім қалыпқа келтірілді.
Қазіргі уақытта температуралық режім төмендеуі байқалған тұрғын үйлер мамандардың бақылауында. «Петропавл жылу желілері» ЖШС-ның қызметкерлері ПИК төрағаларымен жылу есептегін құралдарын тексеруде, — дейді баспасөз қызметіндегілер.