СҚО әкімі атақты жерлесіміз, велошабандоз, Олимпиада чемпионы, «Astana Qazaqstan Team» командасының бас менеджері Александр Винокуровпен кездесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы Александр Винокуровпен тілдесіп, облыстағы велоспорттың дамуы туралы сөз қозғады. Ғауез Нұрмұхамбетовтың сөзінше, ел тарихында тұңғыш рет аталмыш спорт түрінде Олимпиада чемпионы атанған жерлесімізді облыс халқы мақтан тұтады. Оның сара жолын Алексей Луценко жалғастырып, төрт жылда бір рет өтетін додада биік белесті бағындыратынына сенім білдірді.
— Солтүстікқазақстандық велошабандоздардан құралған «Vino SKO Team» континенттік командасы республикалық және халықаралық веложарыстарға қатысып жүр. Тағы бір атақты велоспортшымыз Алексей Луценко биыл жазда Парижде өтетін Олимпиадада бақ сынамақ. Алексейге Александр Винокуровтың ерлігін қайталап, Олимпиада чемпионы болуын тілейміз! – деді СҚО әкімі.
Бүгіндері Александр Винокуровтың ұлдары Алекс пен Николя да әке жолын таңдап, веложарыстарда облысымыздың намысын қорғап жүр.
Николя Винокуров 23 жасқа дейінгі топтық жарыста Қазақстанның екі дүркін чемпионы және жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері.