Петропавлда қалың жауған қарды көтере алмай көпқабатты үйдің шатыры ішінара опырылып түсті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Петропавлдағы Абай, 84 мекен жайындағы көпқабатты тұрғын үйдің шатыры бүгін түс шамасында құлаған. Тұрғындардың айтуынша, баспананың шатыры 45 жыл бойы жөнделіп, ауыстырылмаған.
— Соңғы күндері қалада қалың қар жауды. Жауын-шашынның мөлшері нормадан екі есе көп болды. Қар мен мұздың жиналып қалуына байланысты, бүгін Абай көшесі, 84-і үйдің төбесі ішінара опырылып түсті. Айта кету керек, мұнда шатырды жөндеу жұмыстары ешқашан жасалмаған екен. Қазіргі уақытта мамандар үйдің төбесін тексеріп жатыр. Кейін шатырды қалпына келтіру мәселесін тұрғындармен бірлесіп шешетін боламыз, — деді Петропавл әкімі Серік Мұхамедиев.
Қала басшысының айтуынша, Петропавлдағы көп пәтерлі тұрғын үйлердің негізгі бөлігі 80-ші жылдарда салынған. Біразында жөндеу жұмыстары осы күнге дейін жүргізілмеген, яғни үйдің жай-күйіне меншік иелері жүрдім-бардым қараған.
— Осындай апатты жағдайларды болдырмай алдын алу үшін шатырларды қар мен мұздан уақытылы тазарту қажеттігін атап өткім келеді, — деді Серік Мқхамедиев.