Петропавл қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне оқуға түскісі келетін өңір оқушыларының құжаттарын қабылдау жалғасуда, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстағы кез-келген 6-сыныптың оқушысы ақпанның 10-ына дейін мектепке өз құжаттарын тапсыра алады. Кейін наурыздың 28-29 күндері арнайы тестілеу ұйымдастырылады. Оның нәтижесінде жаңа оқушылар қабылданады.
Конкурс 2024-2025 оқу жылында 7-сыныпта Назарбаев зияткерлік мектебінде оқығысы келетін үміткерлерге жарияланып отыр. Арнайы байқауға қатысатындар Қазақстан Республикасы Президентінің «Өркен» білім беру грантына ие болса, мектепте тегін білім алады. Грант иегерлеріне тегін тамақ, түрлі үйірмелер қарастырылған. Аудандар мен ауылдардан келген балаларға тегін жатақхана беріледі.
Құжат қабылдау комиссиясы 10 ақпанға дейін жұмыс істейді. Жерлестеріміз балаларының құжаттарын дүйсенбі-жұма күндері 9.00-ден 18.00-ге дейін, ал сенбі күні 9.00-ден 13.00-ге дейін тапсыра алады. Үміткерлерден қажет негізгі құжаттар:
1) баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі және ЖСН,
2) заңды өкілдің ЖСН-і көрсетілген жеке куәлігінің көшірмесі
3) үміткердің 6-сыныптың бірінші жартыжылдығындағы үлгерімі мен тәртібі туралы табелінің директордың қолы және мектептің мөрімен расталған көшірмесі сұратылады.
Өзге құжаттар сол жерде толтырылып, тапсырылады. Үміткердің 3х4 форматындағы сапалы цифрлық фотосы болмаса, оны комиссия мүшелері құжат қабылдау барысында жасайды.
1) Өтініш конкурстық іріктеуге қатысуға белгіленген мерзімнен кешіктіріп тапсырылған кезде, 2) барлық қажетті құжаттар тапсырылмаған жағдайда конкурсқа қатысу туралы өтініш қабылданбайды.