Өткен жылы желшешек ауруына шалдығудың 2863 фактісі тіркелді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, былтыр желшешекті жұқтырғандар қатары 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге өсті.
– 2023 жылы желшешек 2863 адамда анықталса, 2022 жылы 1798 науқас тіркелді. Бұл ауру ең алдымен, дене температурасының 37,5 ℃-тан 39℃ дейін күрт жоғарылауынан біліне бастайды. Кейін науқастың басы ауырып, денесінде бөртпе қотырлар пайда болады, — дейді эпидемиолог мамандар.
Мамандардың сөзінше, науқастың дене температурасы әдетте 3-5 күннің ішінде қалыпқа келеді. Терідегі бөртпе 7-14 күннен кейін кетеді. Науқастың сауығуы бөртпе шыққаннан 10 күннен соң басталады. Желшешектен айыққаннан кейін иммунитет қалыптасады, инфекцияның қайталануы өте сирек кездесетінін де айтуда эпидемиологтар.