Астанада күрес түрлерінен өтіп жатқан ел біріншілігінде екі бірдей солтүстікқазақстандық балуан топ жарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ел біріншілігінде грек-рим күресінен бақ сынаған жерлесіміз Николай Хапко алтыннан алқа тағынды. Солтүстікқазақстандық балуан 72 килограмм салмақ дәрежесінде сынға түсіп, ақтық сында жеңіске жетті.
Еркін күрестен өңір намысын қорғаған Нұрқожа Қайпанов та жеңіс тұғырына көтерілді. Балуанға 74 килограмм салмақта тең келер ешкім болмады.
– Салмағымда осал балуан жоқ. Араларында әлем чемпионатының жүлдегерлері мен Азия чемпиондары болды. Әр жекпе-жекте шабуылдармен өткізуге тырыстым. Ендігі мақсатым ұлттық құрама Олимпиадаға жолдаманы ұтып алу. Кейін көк туымызды желбіретіп, әнұрамызды шырқату, — деді Нұрқожа Қайпанов.