Астана қаласында күрес түрлерінен ересектер арасында Қазақстан чемпионаты мәресіне жетті. Жарыстың соңғы бәсекесінде еркін күрестен 97 келіге дейінгі салмақта Токио олимпиадасына қатысқан Азия біріншілігінің екі дүркін күміс жүлдегері Әлішер Ерғали мен әлем чемпионы Ризабек Айтмұхан белдесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Өткен жылы айды аспанға шығарып, 92 келіде қазақстандықтар арасынан алғаш рет 19 жасында әлем чемпионы атанған Ризабек Айтмұхан кейін олимпиадалық салмаққа ауысқан еді. Бұл жолы Солтүстік Қазақстан облысының тумасы финалда Әлішер Ерғалимен белдесті. Бастапқыда уәлихандық жігіт есепте алда келе жатты. Кездесудің соңында Әлішер күш алып, 14:10 есебімен жеңіске жетті.
Осылайша Әлішер Ерғали Париж олимпиадасының жолдамасы үшін таласуға мүмкіндік алды.