Өңірде жабайы жануарларды аштықтан аман алып қалу үшін қорықшылар оларды қолдан азықтандырып жатыр. Бұл жұмыс күн жылынып, жер аяғы кеңігенге дейін жүргізіледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы аңшылық және балық шаруашылығы бөлімінің басшысы Михаил Никитиннің айтуынша, өңірде 47 аңшылық шаруашылығы бар, оның 42-сі – жалға берілген. Қалған бесеуі – резервтік қорда.
— Жалға берілген аңшылық шаруашылықтардағы жабайы жануарларды соған жауаптылар азықтандырады. Біз резервтік қордағы бес аңшылық шаруашылық пен Тимирязев ауданында орналасқан «Ақжан», «Ақсуат» мемлекеттік табиғи қорықтарындағы жануарларды қоректендіреміз. Биыл қар қалың, әрі желтоқсан айында жауын жауып, қардың бетін қатырып тастады. Тұяқтыларға тебіндеп, өздігінен оттау қиын. Сондықтан орман шаруашылықтары мен қорықтарда 20 орын әзірледік. Қыста, әсіресе, ірі жануарларға – елік пен бұғыға қосымша азық керек. Қояндар еш қиындықсыз тамағын табады, оларға ағаштың қабығы да қорек. Ал доңыздарға қардан аршып жеуге азу тістері көмектеседі, — дейді Михаил Никитин.
Маманның айтуынша, «дала асханалары» жабайы жануарлар шоғырланған жерлерге, мәселен марал-еліктер үшін алаңқайлар орман маңында, доңыздар үшін сулардың, батпақтың жанына құрылады.
— Былтыр 10 мың центнер шөп, 5 мың центнер бидай қалдығы, 27,5 мың сыпырғыш, 500 килограмм тұз дайындалыпты.
Тұз – микроэлементтер қорын толтыру үшін барлық жануарларға керек. Ол үшін құлаған ағашты ойып, сол жерге тұз салады немесе бұл мақсатқа түбірді пайдаланады. Тұз қармен еріп, түбірді бойлап ағады, жануарлар оны қыс біткенше тамырына дейін жеп қоюы мүмкін, — дейді бөлім басшысы.
Өңірде 31 желтоқсанда жабайы тұяқты жануарларға аңшылық мерзімі аяқталды. Ал 15 ақпаннан бастап түлкі, қоян, қарсақты атуға тыйым салынбақ.