Көші-қон заңнамасын бұзған 218 шетел азаматы Қазақстан аумағынан шығарылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі Есірткіге қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Әмірханов мәлім етті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
«Тосқауыл» операциясының шеңберінде көші-қон полициясының қызметкерлерімен бірлесіп күн сайын шетелдік азаматтар және олардың тұратын жерлеріне тексерістер жүргізіледі. Операция басынан бері көші-қон заңнамасын бұзудың 1321 дерегі анықталды, 218 құқықбұзушы елдің сыртына шығарылды», — деді Бақытжан Әмірханов ведомствода өткен баспасөз мәслихатында.
Одан бөлек, министрлік өкілі 5-9 ақпан аралығында өткен «Тосқауыл» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында басқа да қылмыстардың ашылғанын айтты.
— Іздестіру, тінту жұмыстары үйретілген иттердің көмегімен автокөліктерге, багажға, пошталық бөлімшелерге және басқа да объектілерге жүргізіледі. Сол арқылы 33 есірткі қылмысы ашылды, — дейді спикер.