Солтүстік Қазақстан облысында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны көбейіп, 9 адамға жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында СҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев жұқпалы аурулар бойынша эпидемиологиялық жағдайға тоқталды.
Биыл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда жедел респираторлық вирустық инфекцияны жұқтырғандар 2,4 есе артып, 20 666 адам ауырған. Сырқаттанғандардың 55% — Петропавл тұрғындары.
— Тұмау қаңтар айынан бастап кең тарала бастады. А типті H3N2 тұмауын былтыр қаңтарда 18 адам жұқтырса, биыл 44 адам ауырған. Сырқаттанғандардың 36% немесе 16 жағдайда 14 жасқа дейінгі балалар жұқтырған. Коронавирус инфекциясын жұқтырудың 9 жағдайы тіркелді. Былтырғымен салыстырғанда 5,4 есе аз, дегенмен ауырғандар саны артып келеді. 14 жасқа дейінгі бір балаға «коронавирус» диагнозы қойылды. Барлығында аурудың белгілері болды, — дейді Әсет Жұматаев.
Департамент басшысы жұқпалы аурулардан сақтану үшін маска кию қажеттігін еске салды.
— Ауа арқылы берілетін инфекциялық аурулардың өсуіне байланысты Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 2024 жылғы 8 ақпандағы қаулысына сәйкес медициналық мекемелерде маска киіп, антисептик қолдану қажет. Ал халық көп шоғырланған орындарда – әуежайларда, теміржол, авто вокзалдарда, базарларда, сауда орталықтарында, театр, кинотеатрларда, банктер мен ХҚКО, барлық қоғамдық көлік түрлерінде маска тағу ұсынылады, — дейді департамент басшысы.
Ал ауырған жағдайда үйден шықпай, дәрігерді шақырған жөн.
Жұқпалы аурулардың алдын алу үшін даладан келген сайын қолды сабындап жуу керек. Бөлмені желдетіп, жиі жуып, ылғалдандыруды ұмытпау керек.