Қазақстанға педофилдер мен лаңкестерге кіруге тыйым салынады

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң екінші оқылымда қаралып, қабылданды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz

Заң халықтың көші-қоны саласындағы қатынастарды құқықтық реттеуді жетілдіру мақсатында әзірленді және бірқатар нормаларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес келтіруге бағытталған.

Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мәліметіне қарағанда, экстремистік немесе террористік әрекетке қатысы бар шетелдіктердің елге кіруіне тыйым салу, төтенше жағдайларда қолданылу мерзімі өткен құжаттарды пайдалану мәселесін реттеу ескерілген. Яғни, түзетулерде төтенше жағдайлар кезінде мерзімі өтіп кеткен құжаттарды ұзарту немесе ауыстыру мүмкіндігі болмаған жағдайда пайдалану мәселесі нақтыланды. Мұндай құжаттар қолдану мерзіміне қарамастан жарамды деп танылады.

Сонымен қатар аталған заң аясында педофилдерге Қазақстанға кіруге тыйым салынады.

Заң жобасын жұмыс тобының отырыстарында қарау барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары бірқатар түзетулер енгізді.

Атап айтқанда:
— «қандас» мәртебесін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдау және азаматтығын қалпына келтіру рәсімін жетілдіруге;
— қабылдаушы өңірлерде қоныс аударушылар үшін ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін иеліктен шығару құқығынсыз конкурстан тыс тәртіппен алуға және қолданыстағы заңнамада белгіленген ең төмен мөлшерден аспайтын көлемде қолайлы жағдай жасауға;
— «Еңбек» бағдарламасына қатысушыларға төленетін, көшуге, тұрғын үй жалдау және коммуналдық көрсетілетін қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстарды өтеуге арналған мемлекеттік субсидияларды қорғауды қамтамасыз етуге;
— еңбекші көшіп-қонушыларға бір айдан он екі айға дейінгі мерзімге еңбек ету рұқсатын алуға мүмкіндік беруге және басқа да түзетулерге байланысты түзетулер енгізілді.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, түзетулерді екінші оқылымға дайындау барысында депутаттар «қандас» мәртебесін беру тәртібін жетілдіруге бағытталған жаңа норма әзірледі. Енді «қандас» мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу үшін өтініш білдірген адамдардың ұлты қазақ екенін анықтау тәртібі жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне кіреді. Сондай-ақ қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына этникалық қазақтардың жеке отбасы мүшелері, қандастардың жесірлері және олардың ортақ балалары енгізіледі.

Азаматтық алудың оңайлатылған тәртібін қолдана алатын адамдар санаты кеңейтілді.

Көшіп-қонушыларға егін шаруашылығымен айналысу үшін жер жалға беріледі. Заң аясында көшіп-қонушылар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді Үкімет айқындаған қабылдаушы өңірлерден конкурссыз ала алады. Олар бес жылға дейінгі мерзімге және иеліктен шығару құқығынсыз уақытша қысқа мерзімді өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығы негізінде беріледі. Бұл ретте жер учаскелерінің көлемі ең аз мөлшерден аспауы керек, ал шаруашылық серіктестігінің жарғылық капиталына салым ретінде иеліктен шығару және беру құқықтары көзделмейді. Өңірден көшкен кезде жер пайдалану құқығы тоқтатылады. Мұндай аймақтарда 5 жылдан астам тұрып, өз міндеттерін тиісінше орындаған қоныс аударушылардың жаңа мерзімге шарт жасасуға басқаларға қарағанда басым құқығы болады.

Сонымен қатар заң жұмыс күші жетіспейтін өңірлерге ерікті көшуге қатысушыларға қоныс аудару үшін төленетін мемлекеттік субсидияларды қорғау нормасы белгіленді. Банктер мен қаржы ұйымдарының алдындағы несиелік міндеттемелері бойынша алымдардан тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды өтеу енгізіледі.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz