Жыл сайын облыстағы орман шаруашылықтары өз алқаптарының 10 пайызына патологиялық зерттеу жүргізеді. Өткен жылы Қызылжар орман шаруашылығы бойынша бұл аумақ 5,3 мың гектарды құрады, соның ішінде Боголюбово орманшылығында – 1,7 мың, Куйбышев орманшылығында – 1 мың, Тепловское орманшылығында – 1,6 мың, Сосновка орманшылығында – 1 мың гектар аумақ толық көлемде тексерілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.
Патологиялық зерттеулер жұпсыз жібек көбелегінің жұмыртқа салуын анықтау үшін күзде жүргізіледі. Сондай-ақ көктемде, мамыр айының бірінші онкүндігінде көбелек құрттары шыққан кезде және жаз-күзде орман зиянкестерін, қайыңның бактериялық зақымдануын анықтау мақсатында тексеріледі.
– 2023 жылдың маусым айының бірінші онкүндігінде мекеменің орман күзеті 55 гектар аумақта бірлі-жарым көбелек құртын анықтады. Оның ішінде: Боголюбово орманшылығы бойынша 54,1, Тепловское орманшылығы бойынша — 0,9 гектар алқапта зиянкестер табылды. Олар үлкен өрмекпен өріліп, ағаштардың діңіне топтап орналасқан екен. Көбелек құрты ұяларын қоректенген кезде тастайды. Шілде айына дейін жетіліп, содан кейін ағаш қуыстарында, қабықтың жарықтарында қуыршаққа айналады. Осылайша жібек құрты қыстап шығады. Олар суыққа төзімді келеді, 8 жылға дейін тіршілік процестері бәсеңдеп супердиапаузаға кетуі мүмкін. Жалпы көбелектер наурыздан мамырға дейінгі аралықта пайда болады.
Мекеменің мемлекеттік орман қоры аумағын күзгі орман-патологиялық тексеру кезінде ауданы 49,2 гектар жерде, оның ішінде Сосновка орманшылығы бойынша – 25,2 , Куйбышев орманшылығы бойынша — 24 гектар алқапта жұпсыз жібек көбелегінің жұмыртқа салғаны анықталды, — дейді «Қызылжар орман шаруашылығы» КММ директорының орынбасары Әмірбек Тоққожин.