Петропавлда волейболдан әйелдер командалары арасындағы ұлттық лиганың 4-тур ойындары басталды. Алғашқы кездесуде «Қуаныш» клубына түркістандық «Тұран» қарсылас атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен үш турдың қорытындысы бойынша жерлестеріміз көш бастап келеді. Екінші сатыда өскемендік «Берел» командасы жайғасқан. Түркістандық «Тұран» болса, әзірге үшінші орында келе жатыр.
Биылғы волейбол маусымында «Қуаныш» пен «Тұран» командалары жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Сондықтан болар, матч басталмас бұрын жанкүйерлер тартысқа толы кездесу өтетініне сенген. Спорт сүйер қауымның сенімі ақталды.
Бірінші кезеңде Түркістаннан келген бұрымдылар жерлестерімізден басым түсті. Таблода 30:32 есебі тіркелді. Ойынның екінші бөлімінде солтүстікқазақстандық арулар есепті теңестірді. Кейін де үшінші кезеңде «Қуаныш» қыздары 25:18 есебімен жеңіске жетті. Алайда «Тұран» клубы оңай шағылар жаңғақ емес екендігін дәлелдеп, партия бойынша 2:2 болды. Бесінші бөлімде қызылжарлықтар мүлт жібермей, өздеріне қажетті ұпайларды еншіледі.
«Қуаныш» клубының кезекті матчы бүгін сағат 17:30-да өтеді. Бұл жолы жерлестеріміз өскемендік «Алтай» командасымен ойнайды.