Жыл басынан бері тәртіп сақшылары қаңғыбастардың жеке басын анықтау үшін оларды 284 рет арнайы орынға апарған. Құжаттары болмаған 23 адам сот санкциясымен қабылдап-тарату орнына орналастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Тәртіп сақшылары жылу құбырларын, құдықтарды, базар маңын, шатырлар мен жертөлелерді тексеріп, тұрғылықты мекенжайы жоқ жандардың жеке басын анықтау мақсатында саусақ іздерін алып, оларды суретке түсіріп, есепке алады.
Полиция қызметкерлері қаңғыбастардың әрқайсысын іздеуде жүргендер, хабар-ошарсыз жоғалғандардың немесе қылмыс жасады деп күдіктілердің тізімі бойынша тексереді.
– Қатты аяз кезінде бұл жұмыс аса өзекті. Тұрғылықты жері жоқ адамдардың үсіп қалуын болдырмау үшін қажетті тексерулерден кейін олар түнеу орнына жеткізіледі. Қабылдап-тарату орнына күн сайын 33-45 жас аралығындағы 20-ға жуық адам апарылады. Әлеуметтік оңалту орталығымен өзара әрекеттесу арқылы тұрғылықты мекенжайы жоқ жандардың әрбірі мамандардың кеңесін алып, қалыпты өмірге оралудың жолдарымен танысады, – дейді Петропавл қалалық полиция басқармасы қабылдап-тарату орнының бастығы Болат Баймақанов.