Биыл облыстағы автомобиль жолдарын қалыпқа келтіруге 47,4 млрд. теңге бөлінеді. Оның 15,3 млрд. теңгесіне республикалық және 32,1 млрд-қа аудан және көше жолдары жөнделеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
СҚО әкімінің айтуынша, биыл жолдарды жақсарту бойынша кешенді жұмыстар жалғасады.
– Біз екпінді орталықтан қаланың шетіне аударамыз. Петропавл әкіміне 5 жылда қиыршық тас төселген жолдарды асфальтқа ауыстыруды тапсырдым. Биыл қаланың 44 көшесі жөнделмек, оның ішінде 39 көшеде бұрын асфальт болмаған, — деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Облыс әкімі қоғамдық көліктің жағдайына да назар аударды. Петропавлда 115 жаңа автобус жолға шығады деп жоспарланып отыр.
– Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында тасымалдаушылар 30 жаңа автобус сатып алуды көздеп отыр. Осылайша жолаушылар тасымалымен айналысатында автопаркті біршама жаңартады. Мұның барлығы тұрғындарға сапалы қызмет көрсету мақсатымен жасалынбақ, — деді Ғауез Нұрмұхамбетов.